Денсаулық пен ұзақ өмірдің кілті — мына 6 тағамда

Бүгін, 14:44 / Ақбота Сабырхан
Фото: РБК Стиль

Ұзақ өмір сүретін әрі денсаулығы мықты адамдар таңғы асқа жейтін алты өнім аталды. Ұзақ өмір сүру саласының сарапшысы Дэн Бюттнер "көк аймақтарда" тұратын адамдар таңғы асқа қандай тағамдарды ұнататынын атады, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Көк аймақтар – бұл орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары әрі созылмалы аурулар деңгейі өте төмен географиялық өңірлер. Көк аймақтарға мыналар кіреді:

  1. Окинава, Жапония – әлемдегі ең көп ұзақ өмір сүретін әйелдер тұратын арал.
  2. Сардиния, Италия – мұнда ұзақ жасайтын ер адамдар саны көп.
  3. Икария, Греция – бұл аралда қарт адамдар арасында деменция мүлде кездеспейді.
  4. Никоя, Коста-Рика – тұрғындары ұзақ жасап, белсенді өмір сүреді.
  5. Лома-Линда, Калифорния, АҚШ – денсаулығы мықты әрі ұзақ жасайтын адвентистер діни қауымдастығы тұрады.

Окинава мен Сардинияда өмір сүріп, зерттеу жүргізген Дэн Бюттнер мынадай қорытындыға келген:
"Таңғы ас – патшаға, түскі ас – ханзадаға, кешкі ас – кедейге" деген ұстаныммен өмір сүру – олардың ұзақ жасының кілті.

"Көк аймақтарда адамдар күннің ең тойымды асын таңертең ішеді, ал қалған уақытта азырақ тамақтанып, кешкі асты ерте жейді және келесі таңға дейін ештеңе жемейді", – дейді ол CNBC арнасына берген сұхбатында.

Айта кету керек, бұл аймақтардағы таңғы ас біз үйреніп қалған тағамдардан мүлде өзгеше.
"Көпшілікке таңғы ас деп ұсынылатын тәтті жүгері үлпектері, қант қосылған йогурттар мен мюслиден бас тарту керек", – дейді Бюттнер.

Ол адамдарға таңғы асқа минестроне рагуын (барлық қолда бар көкөністерден жасалатын италиялық көже) немесе күріш пен бұршақ жеп көруге кеңес береді.

Бюттнердің айтуынша, ұзақ өмір сүретін адамдардың таңғы мәзірінде басымдық берілетін тағамдар мыналар:

  1. бұршақтар
  2. көкөністер
  3. күріш
  4. жемістер
  5. мисо (жапон көже/соусы)
  6. сұлы

"Апта бойы таңғы асқа минестроне немесе күріш пен бұршақ жеп көріңіздер, өздеріңізді қалай сезінетініңізді байқайсыздар", – дейді Бюттнер.

Бұған дейін дәрігер аралық ашығу кезінде тамақтанудың тиімді уақыт аралықтары туралы айтып өткен болатын.

Тэгтер:

Тамақтану Ұзақ өмір сүру