Қазақстан Қытайға неге киіктерді сыйға тартпақ? Экология министрлігі түсініктеме берді
2025 жылғы 18 маусымда Мәжіліс кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қытайға 1,5 мың киік басын беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Министрдің айтуынша, бүгінде әлемдегі киіктердің 99 пайызы Қазақстан аумағында мекендейді. Бұл популяцияның тұрақтылығын сақтау үшін киіктерді олардың тарихи таралу аймақтарына қайтару қажет.
"Бұл – түрдің жаһандық ауқымдағы тұрақтылығын күшейту үшін аса маңызды қадам. Бұл мәселе кеше өткен іс-шарада айтылды. Алдағы күндері біз қазақстандық және қытайлық ғалымдармен бірлесіп нақты жұмысқа кірісеміз. Ең алдымен, қытайлық ғалымдар мекендейтін жерлерді толықтай қарап, азықтық базасының жеткіліктілігін анықтап алуы керек. Содан кейін көшірудің әртүрлі әдістері талқыланады. Қай тәсіл тиімді болатынын бірге ойластырамыз", – деді Нысанбаев.
БАҚ өкілдері министрден "Қазақстан артық киіктерден құтылғысы келіп жатқан жоқ па?" деп сұрады.
"Жалпы алғанда, 1,5 мың бас киік популяцияның жағдайына, ауыл шаруашылығына келетін зиянға, экожүйеге немесе эпизоотиялық қауіптердің артуына әсер етеді деу қисынсыз. Бұл сан ешқандай рөл ойнамайды. Бірақ біз үшін маңыздысы – басқа мәселе. Бүгінде киіктердің 99 пайызы Қазақстанда мекендейді деп айтып отырмыз. Иә, мемлекет тарапынан бұл бағытқа зор көңіл бөлініп, қомақты қаражат жұмсалды. 2003 жылы 2,5 мың ғана бас қалған еді, ал бүгінде олардың саны 5 миллионнан асып отыр. Бірақ біз бұл популяцияны тек біздікі деп санауға болмайтынын ұмытпауымыз керек. Киіктер тарихи тұрғыда бірнеше елдің аумағында таралған", – деді министр.
Оның айтуынша, киіктің ареалы мен популяциясы тек Қазақстанмен шектелмейді. Олар тарихи түрде Моңғолия, Қытай, Ресей және Түрікменстан аумағында да мекендеген.
"Сондықтан дәл қазір осы елдердің ғалымдары киіктердің реинтродукциясымен – яғни, популяцияны қайта қалпына келтірумен айналысуы біз үшін маңызды. Бұл бүкіл әлем бойынша түрдің тұрақты сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет", – деп қорытындылады Ерлан Нысанбаев.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың бас киікті Батыс Қытай аумағында қайта қоныстандыру мақсатында сыйға тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Тоқаевқа бұл шешімі үшін алғысын білдірді.