Жасөспірімдердің жазғы жұмысы: заңмен шектелетін жағдайлар
2025 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жаз мезгіліндегі балалар еңбегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Комитет өкілдері жазғы демалыс кезінде көптеген жасөспірімдер қосымша табыс табуға тырысатынын айтты – бірі өз бастамасымен, енді бірі ересектердің өтінішімен жұмыс іздейді.
"Алайда кәмелетке толмағандардың еңбек қызметі заңнама талаптарына қатаң сәйкес келіп, олардың денсаулығына, оқуына және дамуына зиян келтірмеуі тиіс", – делінген комитеттің ата-аналарға жолдаған үндеуінде.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес:
14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс;
16 мен 18 жас аралығындағылар үшін – аптасына 36 сағаттан аспауы керек.
Кәмелетке толмағандармен еңбек шартына қол қою үшін міндетті түрде ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті еңбек заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарды мынадай еңбек түрлеріне тартуға тыйым салынатынын еске салды:
түнгі уақытта жұмыс істеу (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін);
үстеме жұмысқа тарту;
вахталық әдіспен жұмыс істеу;
қосымша жұмыс (қосалқы жұмыс);
жұмыс уақытын жиынтық есептеу арқылы жұмыс істеу.
"Әрбір бала қауіпсіз әрі толыққанды балалық шаққа құқылы. Ересектердің міндеті – балаларды еңбек қатынастарындағы қанаудан қорғау және олардың заңды құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдалану – ауыр құқық бұзушылық және жұмыс берушілер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл баланың денсаулығына түзетілмейтін зиян келтіруі ықтимал", – деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Балаларды тыйым салынған еңбек түрлеріне заңсыз тарту фактілері анықталған жағдайда бұл туралы еңбек инспекторына, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе 111 бірыңғай байланыс орталығына дереу хабарлауыңызды сұраймыз.
Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылғы 21 мамырда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жазғы демалыс кезеңінде оқушылар мен студенттердің жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру шаралары туралы кеңінен мәлімет берген болатын.