2025 жылғы 18 маусымда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы облысында мектеп бітіру кешінде оқушының шампурмен өлтірілуіне қатысты жан түршігерлік оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Министрдің айтуынша, заңгерлердің "егер бұл мектеп қабырғасында болмаған жағдайда, жауапкершілік ата-аналарға жүктелуі тиіс" деген пікірі орынды.
"Бірақ неге екенін түсінбеймін, заңгер солай десе де, кінәлілерді қайтадан мұғалімдер арасынан іздейміз. Сондықтан мен педагог пен мектеп директорын жұмыстан босату туралы шешімге үзілді-кесілді қарсы болдым. Себебі бұл оқиға біздің педагогтардың, мектеп директоры мен білім беру ұйымының қатысуынсыз, ата-аналардың бастамасымен болған. Сол себепті мен Алматы облысында директорға қатысты қолданылмақ болған шараға қарсы шығып, дереу қоңырау шалып, оны тоқтатуды тапсырдым. Білім беру ұйымы басшысын да, сынып жетекшіні де қорғап шықтым. Өйткені олар қолдан келгеннің бәрін жасады: ата-аналарды ескертті, қауіпсіздік шараларын ұйымдастырды. Бірақ ата-аналар жауапкершілікті өз мойындарына алып, ақырында осындай жағдайға жол берді", – деді Ғани Бейсембаев.
Министр осындай қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту қажет екенін баса айтты.
Айта кетейік, бұл оқиға 2025 жылғы 24 мамырда белгілі болды. Екі ұл бала 11-сыныпта оқыған. Күдікті анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.