Екібастұз моноқала мәртебесінен шығады
Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Премьер-Министр Екібастұз қаласындағы экономиканың өсімі мен әртараптандырылуының тұрақты динамикасын атап өтті. Бұл үдерісте 138,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған ферроқорытпа зауытының құрылысы мен 800-ден астам жұмыс орнының ашылуы, сондай-ақ индустриялық аймақтың қалыптасуы маңызды рөл атқарды.
«Біз моноқалаларды жаңа мүмкіндіктердің шоғырланған "өсу нүктелері" ретінде қарастыруымыз қажет – мейлі ол "жасыл" технологиялар, цифрлық инфрақұрылым немесе креативті экономика болсын. Мұндай қалалар болашақ индустриясы шағын қалаларда да құрылуы мүмкін екенін көрсететін үлгіге айналуы тиіс. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға ерекше назар аудару қажет. Бұл олардың экономикалық әлеуетін күшейтіп, моноқала мәртебесінен шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде Екібастұз әртараптандырылған экономикалық құрылымы бар көпсалалы қалаға айналып келеді, сондықтан оның моноқала мәртебесі өзектілігін жоғалтуда. Осыған орай, қазіргі заман талаптарына сай жаңа инфрақұрылымдық саясатты қалыптастыру бағытындағы жұмысты күшейту қажет», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр тұрақты дамудың басты шарты – жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екенін ерекше атап өтті.
«Ең үлкен міндет – моноқалаларға инвесторларды тарту. Біз әр қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, алайда жұмыс орындары болмаса, ол жерде ешкім тұрғысы келмейді. Сондықтан бізге инвесторларды тарту, оларға қажетті жағдай жасау керек. Бос тұрған ғимараттар мен жер телімдерін ұсынып, жаңа өндірістер ашуымыз қажет. Егер осындай тәсілдер болмаса, даму да болмайды. Сондықтан ең маңызды мәселе – инвестор тарту. Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар, бірақ бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 20 моноқала бар, онда шамамен 1,5 миллион адам тұрады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша моноқалалардың үлесіне елдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 36,4%-ы тиесілі.