Илон Маск есірткіге қатысты айыптаулардан кейін тест нәтижесін жариялады

Бүгін, 17:15 / Ақбер Қуаныш
Фото: Matt Rourke

Tesla мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы Илон Маск өзіне тағылған есірткі қолданды деген айыптауларға жауап ретінде медициналық сараптама нәтижесін жария етті. Бұл туралы кәсіпкер өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі SMARTNEWS.KZ басылымына сілтеме жасап.
 

Маск көпшілікке ұсынған ресми зертханалық қорытындыда оның ағзасынан ешқандай тыйым салынған немесе психобелсенді заттар табылмағаны көрсетілген. Ол бұл қадамға өзінің есірткі қолданды деген ақпараттарға нақты жауап беру мақсатында барғанын мәлімдеді.

Бұған дейін The New York Times басылымы Масктың кетамин, экстази және галлюциноген саңырауқұлақтар сынды заттарды жүйелі түрде пайдаланғаны туралы материал жариялаған еді. Басылым мәліметінше, бұл жағдайлар АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың сайлауалды науқаны кезінде орын алған.

Сондай-ақ, Маск Трамп әкімшілігінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға жауапты ведомство – DOGE-ге жетекшілік еткеннен кейін де, оның бұл әдетін жалғастырған-жалғастырмағаны белгісіз күйінде қалған.

Илон Маск бұл айыптауларды жоққа шығарып, The New York Times басылымынан ресми түрде кешірім сұрап, жалған ақпаратты теріске шығаруды талап етті. Ол адалдық пен ашықтықты басты қағидасы екенін айтып, сараптама нәтижесін көпшілікпен бөлісуді жөн көрген.

Әлеуметтік желі қолданушылары Масктың бұл әрекетін қызу талқылап, оның жеке өміріне деген қызығушылықты одан әрі күшейтті.

Тэгтер:

Трамп Илон Маск DOGE