«Арамызда қалсын бәрі»: Мөлдір Мұқанова жас әншімен дуэт айтып, ел талқысына түсті
Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары, актриса әрі әнші Мөлдір Мұқанова жас орындаушымен бірге жаңа бейнебаян ұсынып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Smartnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мөлдір Мұқанова «Арамызда қалсын бәрі» атты жаңа әнді жас әнші Амантай Әбенмен бірге жазып, оның бейнебаянын Instagram желісіндегі парақшасында жариялады. Бұл шығармашылық қадам желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
— Арамызда қалсын бәрі… Бұл — өнер. Жүрек пен шабыттың үндескен шағы. Сырт көзге жай ғана дуэт көрінгенімен, бұл мен үшін өнердің өрісі. Оқырманым, қолдау деген — үлкен шабыт, — деп жазды ол бейнебаянның сипаттамасында.
Желі қолданушыларының бір тобы Мөлдірдің бұл бастамасын құптап, жылы лебіздерін жаудырса, енді бірі оның жеке өміріне қатысты түрлі болжам жасады. Көпшілік әсіресе бейнебаяндағы жас жігітке назар аударған.
— Оқырмандарымның ойын сан-саққа жіберген жігітті белгілеп қояйын, — деп жазған Мөлдір Мұқанова әріптесі Амантай Әбеннің парақшасына сілтеме қалдырды.
Пікірлер арасында Мөлдірдің жаңа бейнесіне тәнті болғандармен қатар, оның жеке өміріне алаңдаушылық білдіргендер де бар:
– «Керемет Мөлдір ханым. Әр әйел өз арманын орындауға, бақытты болуға лайықты. Өнеріңіз өрге жүзе берсін»;
– «Тұрсынбек не дейді екен?»;
– «Мына бала Тұрсынбектің жас кезіне ұқсайды екен»;
– «Майғазиевтің тойына Мөлдір жалғыз келді, сол кезде көбісі сұрады “Тұрсынбек қайда?” деп. Енді түсінікті болды»;
– «Ән хит болсын. Еркексіз әйел де өз жолын табады. Ал кеткен еркек кейін балаларды сылтау етіп қайта оралғысы келеді».
Мөлдір Мұқанованың жаңа шығармашылық бетбұрысы өнер жолындағы жеке ізденістің көрінісі болса, әлеуметтік желідегі қызу талқылаулар — қоғам назарындағы танымал тұлғалардың әр әрекеті сын сүзгісінен өтетінінің дәлелі.