Алматыда тазалықшыны мазақ еткен блогер қамауға алынды
Алматыда қоғамдық орындарда түсірілген әдепсіз «пранк» салдарынан екі жас азамат – жігіт пен қыз – әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды
Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода жастар қоқыс тастап, аумақты тазалап жүрген әйелді балағаттап, оны келемеж еткен. Бейнежазбаның соңында олар бұл әрекеттерін пранк екенін айтып, кешірім сұрағанымен, қоғам наразылығына тап болды.
Полиция тез арада әрекет етіп, азаматтардың жеке басын анықтап, істі сотқа жіберген. Құқық қорғау органдары бұл әрекетті ұсақ бұзақылық деп танып, ер адамға 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді:
«Еңбек адамына деген құрмет – қоғам мәдениетінің негізі. Пранк түріндегі қорлау әрекеттері кешірілмейді. Заң бәріне ортақ. Азаматтық белсенділік танытып, бейжай қалмаған жұртшылыққа алғысымызды білдіреміз. Бұл жағдай басқаларға сабақ болады деп сенеміз», — делінген хабарламада.