Хаменеи АҚШ-қа ескертті: Иранға соғыс ашса, орны толмас зардап шегеді
Фото: ria.ru

Хаменеи АҚШ-қа ескертті: Иранға соғыс ашса, орны толмас зардап шегеді

Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израильге қатаң мәлімдеме жасап, Иранға қарсы әскери қадамның ауыр салдары болатынын ескертті. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі kaktus.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аятолла Хаменеи 18 маусымда Иран халқына жолдаған үндеуінде Америка Құрама Штаттарының әскери әрекетке баруы орны толмас залалға әкелетінін мәлімдеді.

– Иран халқы ешқашан тізе бүкпейді. Біздің тарихымызды білетін ақылды адамдар ирандықтармен қорқыту тілімен сөйлемейтінін біледі. Егер АҚШ соғысқа араласса, олар міндетті түрде орны толмас шығынға ұшырайды, – деді Иранның рухани жетекшісі.

Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Ираннан толық және сөзсіз тізе бүгуін талап етіп, аятолла Хаменеидің қайда екенін білетінін айтқан сөзіне жауап ретінде айтылды.

Соңғы апталарда Иран мен Израиль арасындағы жағдай шиеленісіп отыр. 13 маусымға қараған түні Израиль «Қайсар арыстан» атты әскери операцияны бастап, Иран аумағындағы армия мен ядролық нысандарға әуеден соққы жасаған. Соққы кезінде Иранның жоғары әскери шенділері мен ядролық ғалымдары қаза тапқаны хабарланды.

Израиль Натанз, Фордо және Исфахан қалаларындағы ядролық зерттеу орталықтарын, сондай-ақ елдің солтүстік-батысындағы бірқатар әскери базаларды нысанаға алған.

Тегеран бұл шабуылға жауап ретінде «Шынайы уәде» атты әскери операцияны бастап, Израильдің әскери нысандарына зымыранмен соққы жасап жатыр. БАҚ мәліметінше, екі тараптан да ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Иран мен Израиль арасындағы әскери шиеленіс аймақтағы тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Хаменеи мен Трамптың бір-біріне қарсы жасаған мәлімдемелері жағдайды одан әрі ушықтырып, жаңа қақтығыстарға жол ашуы мүмкін.