Қарыз кешіріп, несие ұсынып... Ресей парадқа шетелдік меймандарды қалай тартқан?
Ресей билігі 2024 жылғы Жеңіс парадына шетелдік көшбасшылардың қатысуын қамтамасыз ету үшін шамамен 100 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсаған. Бұл жөнінде Украинадағы жалған ақпаратпен күрес жөніндегі орталық мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.
Орталықтың дерегінше, Мәскеу парадқа қатысатын мемлекеттердің жалпы $50 млрд қарызын кешіріп, оған қоса $20 млрд көлемінде жеңілдетілген несие мен өзге де қаржылай жеңілдіктер ұсынған. Бұдан бөлек, $30 млрд-тан астам инвестициялық жобаларды қаржыландырып немесе болашақта қаржыландыруға уәде берген.
Айта кетейік, Беларусьтің 29 миллиард доллар көлеміндегі қарызы кешірілген, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Куба, Эфиопия, Конго, Лаос және Моңғолияның да қарыздары толық не жартылай жойылған.
Украин тарапы бұл қадамдарды Ресейдің шетелдік көшбасшыларды парадқа тарту үшін жасалған саяси-қаржылық әрекеті деп бағалап отыр.
Мәлімдемеде кейбір елдердің Ресеймен ынтымақтастығы экономикалық мүдделерге негізделгені айтылған:
– «Қазақстан “Росатом” арқылы АЭС салуға қызығушылық танытса, Түрікменстан – ресейлік газ нарығына қайта оралуды қалайды. Өзбекстан – жаңа несиелерге үміт артып отыр», – делінген хабарламада.