Бес күн бойы жалғасқан өрт «Ақжайық» резерватын шарпып жатыр
Атырау облысындағы мемлекеттік «Ақжайық» табиғи резерватында бес күннен бері жалғасып жатқан өрттің көлемі ұлғайып, жалпы аумағы 805 гектарға жетті. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды
Түнгі уақытта соққан күшті жел салдарынан жалын 400 гектарға жуық жаңа аумақты шарпыған. Өрттің ауыздықталмауы батпақты және торфты жерлердің отты сөндіруді қиындатуына байланысты. Мұндай жерлерде тіпті өрт сөндірілгеннен кейін де ошақтары ұзақ сақталып, қайта тұтану қаупін тудырады.
Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті, резерват қызметкерлері, орман шаруашылығы мекемелері мен мердігер ұйымдардан құралған 120-дан астам адам және 30-ға жуық техника жұмылдырылған.
«Әсіресе осал аймақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жағдай әуеден де, жерден де бақылауға алынды. Жаңа ошақтардың пайда болуын болдырмау және тез әрекет ету — басты назарда», — делінген әкімдік хабарламасында.
Халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында бақылау мұнараларынан тікелей видеотрансляция іске қосылған. Соңғы мәліметтер бойынша, жанудың жалпы ауданы 805 гектарды құрайды.