Miss Qazaqstan байқауына трансгендерлер мен plus-size арулар қатыса алады
Фото: Getty Images

Miss Qazaqstan байқауына трансгендерлер мен plus-size арулар қатыса алады

18 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Miss Qazaqstan қоғамдық қорының директоры Айжан Рузаева биылғы «Мисс Қазақстан» байқауының ерекшеліктері туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, байқауға трансгендер адамдар мен дене бітімі ерекшелеу (plus-size) арулар да қатыса алады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

— Plus-size арулар қатыса алмайды дегенді кім айтты? Біз мұндай қатысушыларды қуана қарсы аламыз. Біз бәріне ашықпыз. Егер адам өзін солай сезінсе — трансгендер болсын, дене бітімі өзгеше болсын — қатысуға толық құқығы бар. 90-60-90 өлшемдері баяғыда-ақ ұмыт болды, — деді Рузаева.

Биылғы байқау финалы ерекше форматта өтпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, финал 30 қараша күні түнгі сағат 23:00-де Алматы метросындағы «Мұхтар Әуезов театры» станциясында ұйымдастырылады. Мұндай кеш уақыттағы таңдау жолаушылар қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жасалған.

Финал жабық форматта өтеді — билет сатылмайды. Іс-шараны тек арнайы шақыртумен келген 90-ға жуық адам тамашалай алады. Олардың қатарында блогерлер, журналистер және байқау серіктестері бар. Қалған көрермендер үшін байқау ресми онлайн трансляция арқылы көрсетіледі.

Әдеттегідей, финалға Қазақстанның 15 өңірінен іріктелген арулар қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау сұлулық стандарттарын қайта қарап, әртүрлілік пен даралықты насихаттайды.