Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Астанада өткен брифинг кезінде әлеуметтік желіде тарап жатқан өзі жайлы жеке сипаттағы ақпаратқа жауап берді. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Брифинг барысында модератор мәселені айналып өтпек болғанымен, журналист әкімнен ашық сұрақ қойды: «Экс-депутат Ынташ Наурызова сізден ұлды болғанын айтып, алимент төлемей жүргеніңізді мәлімдеді. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?» – деп сұрады.
Маңғыстау облысының әкімі бұл сұраққа бірден жауап бермей, әуелі журналистің өзі мен орнын меңзеді.
— Жадыра, достарыңыз бар шығар? Осындай жеке сипаттағы сұрақтарды соларға қойғаныңыз дұрыс болар еді. Жеке шекара деген ұғым бар. Әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарай береді, оның бәрі шындық бола бермейді. Маған қатысты да неше түрлі жазылады. Бірімен келісем, бірімен келіспеймін. Кейбірін мүлде жоққа шығарамын, – деп қысқа қайырды әкім.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Ынташ Наурызова есімді әйел Нұрдәулет Қилыбайдан некесіз ұлы бар екенін айтып, алимент төлемей жүргенін мәлімдеген болатын. Алайда әкім бұл тақырыпты қоғам талқысына салуға лайық емес деп санайтынын білдірді.