Абай Бегейдің қызы заңсыз лотерея ұйымдастырды деген күдікке ілінді
Танымал әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова заңсыз онлайн лотерея ойнатты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Ақтау қаласында ерлі-зайыпты жұп Instagram, TikTok және Telegram желілеріндегі 850 мыңнан астам жазылушысы бар парақшаларында лотереялар ұйымдастырған. Олар заң бойынша тіркелмеген лотерея операторы бола тұра, пәтер, автокөлік және басқа да қымбат жүлделерді ойнатқан.
Хабарламаға сәйкес, лотереяға қатысу үшін азаматтар құны 500 бен 50 000 теңге аралығындағы билет (цифрлық нөмір) сатып алған. Тергеу барысында 1 800-ден астам адамның аталған лотереяларға қатысқаны анықталды. Заңсыз әрекеттен келген табыс 162 миллион теңгеден асқан.
Қазіргі таңда күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесіне сай қосымша ақпараттар жария етілмейді.