2029 жылға дейін Қазақстанда бүкіл қорғасын ішкі нарықта өңделетін болады
Қазақстанда мыс, қорғасын және мырыш өңдеу ісі қарқын алып келеді. 2029 жылға қарай елде өндірілетін қорғасын толықтай ішкі нарықта қайта өңделетін болады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде елде 460 мың тоннаға жуық мыс өндірілсе, соның 16,2 мың тоннасы ішкі нарықта дайын өнімге айналмақ. Бұл көрсеткіш өткен жылы 13,2 мың тонна, ал 2021 жылы 5,3 мың тонна болған. Қазіргі таңда 16 отандық кәсіпорын мыспен қамтамасыз етіліп отыр.
Қорғасын өндірісінде де өсім бар. Өткен жылы «Asma Industrial» зауыты іске қосылып, аккумулятор батареяларын өндіре бастады. Қазір елде 100 мың тоннаға жуық қорғасын өндірілсе, соның 42 мың тоннасы ішкі өңдеуге жіберіледі. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарланған.
Мырыш өңдеу көлемі де артып келеді. 2021 жылмен салыстырғанда биыл бұл көрсеткіш 55%-ға өсіп, 3,6 мың тоннаны құрады. Соның арқасында терезе жабдықтары, жез фурнитура және жол қоршаулары өндірісі айтарлықтай көбейген. Мысалы, жез фурнитура өндірісі 119 тоннадан 920 тоннаға дейін ұлғайған.
Жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл қадам ел ішіндегі өндіріс қуатын арттырып қана қоймай, дайын өнім экспортын да дамытуға мүмкіндік береді.