Қазақстан мектептерінде оқушылардың болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін жаңа жүйе іске қосылады
Фото: ortcom.kz

Қазақстан мектептерінде оқушылардың болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін жаңа жүйе іске қосылады

Қазақстанда оқушылардың қызығушылығы мен қабілеттерін ескеріп, болашақ кәсібін дұрыс таңдауға бағытталған жаңа цифрлық жүйе енгізілуде, деп хабарлайды Anyqtime.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бірлесіп, 7–9 сынып оқушыларына арналған «Оқушының қызығушылықтары мен дағдыларының икемді бейіні» (ОҚДИБ) атты арнайы әдістеме әзірлеген. Жүйе арқылы оқушылар өз қызығушылығы мен қабілетін анықтап, келешек кәсібін саналы таңдауға мүмкіндік алады.

Цифрлық құрал еліміз бойынша 10 мыңнан астам оқушы қатысқан сынақтан өткен. Бұл жүйе колледждердің 200-ге жуық мамандығы мен жоғары оқу орындарының 400-ден астам бағдарламасын қамтитын «Мансап компасы» платформасына енгізілген. Платформада оқушылар, мұғалімдер және ата-аналарға арналған жеке кабинеттер бар.

Жүйе тест нәтижелерін автоматты түрде талдайды: оқушылар жеке ұсыныс алса, педагогтер – сүйемелдеу құралдарын, ата-аналар – баласының даму көрсеткіші мен бейімділігіне қатысты толық ақпарат алады.

Мамандардың айтуынша, жаңа жоба оқушыларға ерте жастан өз болашағына нақты жоспар құрып, еңбек нарығына бейімделуге жол ашады.