Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ашылған Бекзат Саттарханов атындағы жаңа спорт кешеніне барып, оның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Биыл жеке инвестордың қаржысына салынған көпфункциялы спорттық нысан түрлі деңгейдегі жарыстар мен бұқаралық сауықтыру бағдарламаларын өткізуге арналған. Кешен аумағында футзал, волейбол, баскетбол алаңдары, сондай-ақ бокс, дзюдо, қазақ күресі және өзге де жекпе-жек түрлеріне арналған залдар бар.
Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортты дамыту үшін дәл осындай кешендерді көбейту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент жас спортшылармен тілдесіп, оларға үлкен спортта табыс тіледі.
– Әлем және Олимпиада чемпионы болу үшін ең алдымен қажырлы еңбек керек. Жеңіске тек еңбекқорлық арқылы қол жеткізіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.