Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті оқушылардың жұмыс істеуіне қатысты маңызды ережелерді еске салды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бала еңбегі заң аясында жүзеге асуы керек және ол оқушының денсаулығына, оқуына немесе дамуына кері әсер етпеуі тиіс.
ҚР Еңбек кодексінің 69-бабы бойынша:
14–16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды;
16–18 жас аралығындағыларға жұмыс аптасы 36 сағаттан аспауы тиіс.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандармен еңбек шарты жасалған кезде ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Оқушыларға тыйым салынған жұмыс түрлері:
түнгі уақыттағы жұмыс (22:00–06:00 аралығы),
үстеме жұмыс,
вахталық әдіспен жұмыс істеу,
қосымша (қоса атқарылатын) жұмыс,
жұмыс уақытының жиынтық есебімен жүргізілетін еңбек.
— Әрбір бала қанаудан қорғалу және денсаулығын сақтау үшін өз құқықтарын білуі қажет. Бұл құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету — ересектердің басты міндеті. Ал балалар еңбегін заңсыз пайдалану — елеулі құқық бұзушылық. Мұндай жағдайда жұмыс беруші әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, — деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Комитет балалардың заңсыз еңбекке тартылғанын байқаған жағдайда еңбек инспекциясына, БҚҚК-ге немесе 111 байланыс орталығына дереу хабарлауға кеңес береді.