Таза табыс өседі: жалақыдан ұсталатын салық мөлшері қысқармақ
Қазақстанда жалдамалы қызметкерлердің таза табысы артуы мүмкін. Бұл өзгеріс жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша стандартты шегерім көлемінің ұлғаюымен тікелей байланысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Madenipоrtal.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда жұмыс берушілер қызметкердің айлығынан 14 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде стандартты шегерім жасап, қалған сомаға 10% көлемінде ЖТС ұстайды. Алайда Сенат қарауындағы жаңа Салық кодексі жобасында бұл шегерімді 30 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылуда.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бұл бастама азаматтардың нақты табысын арттырады.
– Мысалы, 300 мың теңге жалақы алатын адамнан қазіргі тәртіппен 30 мың теңге зейнетақы жарнасы ұсталады. Бұдан кейін 55 мың теңге шегеріліп, қалған сомаға 10% ЖТС есептеледі. Жаңа ереже бойынша, 55 мың емес, 130 мың теңге шегеріледі. Бұл салық салынатын соманы азайтып, қолға алатын табысты арттырады, – деді Әмрин.
Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, еліміздегі жалдамалы қызметкерлердің 52%-ы айына 150 мың теңгеден төмен жалақы алады. Егер шегерім көлемі 130 мың теңгеге дейін өссе, бұл санаттағы азаматтар мүлде жеке табыс салығын төлеуден босатылады.