Министрлік: Студенттерге қосымша шығын жүктеуге тыйым салынды

19 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: Pexels

Жоғары оқу орындарында студенттерге мантия, лента сатып алуды мәжбүрлеу және дипломнан кейінгі "полянаны" өз есебінен жабу тәрізді жағдайларға қатысты әлеуметтік желілерде тараған шағымдарға байланысты министрлік ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Министрдің айтуынша, мұндай жағдайлар, негізінен, жекеменшік жоғары оқу орындарында тіркелген. Атап айтқанда, Астанадағы "Тұран" университеті мен Алматыдағы бірнеше жекеменшік оқу орнында студенттердің шағымы түскен. Ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында бұл секілді тәжірибелер анықталмаған.

— Біз бұл мәселеге ерекше назар аудардық. Жекеменшік университеттермен қосымша кеңес өткізіп, студенттерге қандай да бір қосымша міндеттерді жүктеуге қатаң тыйым салдық. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді, — деді Саясат Нұрбек Сенат кулуарында сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар, министр диплом қорғаудан кейін студенттерге "полянаны жабуға" мәжбүрлейді деген ақпаратқа да пікір білдірді.

— Әлеуметтік желіде бірнеше адам осындай шағым айтқанымен, ресми түрде расталған фактілер жоқ. Дегенмен, біз бұл мәселені де назардан тыс қалдырмадық. Мемлекеттік және жекеменшік ЖОО басшыларымен қайта кеңес өткізіп, студенттерге қандай да бір қаржылық міндеттеме жүктеуге қатаң тыйым салынды, — деп нақтылады ол.

Тэгтер:

Студент Диплом