Ким Чен Ын Иранды қолдап, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді
Фото: news.milli.az

Ким Чен Ын Иранды қолдап, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді

Израильдің Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға жасаған әуе шабуылынан кейін Таяу Шығыстағы ахуал күрт шиеленісіп, қақтығыс халықаралық сипат ала бастады. Бұл жағдайға қатысты әлем елдері бірінен соң бірі өз ұстанымын білдіруде. Соның ішінде ең көп назар аудартқаны — Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның мәлімдемесі, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Milli.Az сайтына сілтеме беріп.

Ким Чен Ын Израильдің әрекетін «империалистік арандату» деп бағалап, Иранға қолдау білдірді. Егер Тегеран ресми түрде көмек сұраса, Солтүстік Корея көмектесуден тартынбайтынын ашық мәлімдеді.

— Батыс елдері Израильге қолдау көрсету арқылы жаһандық империализмнің жалдамалы сарбаздарына айналды. Біз мұндай әділетсіздікке бей-жай қарай алмаймыз, — деді Солтүстік Корея басшысы.

Бұл мәлімдеме тек сөз жүзінде қалмауы мүмкін. Сарапшылар Ким Чен Ынның «көмек көрсетуге дайынбыз» деген сөзін дипломатиялық ишара ғана емес, нақты техникалық не әскери көмекке жол ашатын белгі деп бағалап отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда АҚШ пен Ұлыбритания Израильге ашық қолдау білдіріп отыр. Ал Иранмен бір ұстанымда Ресей, Қытай және Ливан тұр. Енді бұл қатарға Солтүстік Кореяның да ашық қосылуы — текетірестің аймақтық шеңберден шығып, жаһандық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл мәлімдеме арқылы Солтүстік Корея өзін саяси сахнада ұмыта қоймағанын білдіргісі келіп отыр. Сонымен қатар, Иранның халықаралық аренада толық оқшауланбағанын көрсету мақсаты да болуы мүмкін.

Геосаяси тұрғыдан алғанда, санкциялар астында өмір сүріп жатқан Иран мен Батыспен текетіресте тұрған Солтүстік Кореяның ұстанымдарының жақындасуы — жаһандық тепе-теңдікке ықпал етуі мүмкін маңызды үрдіс.

Оқиғаның алдағы дамуы, Ким Чен Ын мәлімдемесінің шынайы әрекетке ұласуы және аймақтағы жағдайдың қаншалықты ушығатыны — ашық күйінде қалып отыр.