Ақпанда қайтыс болған екі қабат әйелдің баласы дүниеге келді – дәрігерлер сәбидің өмірі үшін күресуде

19 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Эприл Ньюкерк

АҚШ-тың Джорджия штатында ақпан айында ми өлімі тіркелген әйел кесарь тілігі арқылы шала туған сәбиді дүниеге әкелді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі El.kz порталына сілтеме жасап.

Адриана Смит есімді әйел бірнеше ай бойы түрлі медициналық құрылғылардың көмегімен жасанды тіршілік белгілерін сақтап тұрған. Осы аптада оны өмірді қолдау аппараттарынан ажырату жоспарланып отыр.

Марқұмның анасы Эприл Ньюкерктің айтуынша, нәресте мерзімінен бұрын туған және салмағы небәрі 800 грамм болған. Қазіргі таңда сәби жансақтау бөлімінде жатыр.

— Дәрігерлер үміт үзбей отыр. Қазір ол өмір үшін күресуде, – деді Ньюкерк журналистерге берген сұхбатында.

Оқиғаның басты себебі — Джорджия штатындағы түсік тастауға тыйым салатын LIFE Act заңы. Заң бойынша жүктіліктің 6 аптасынан кейін түсік жасауға рұқсат етілмейді. Дәрігерлер осы заңды ескере отырып, әйелдің денесін аппараттарға қосулы күйде ұстап, баланың өмірге келуін күткен.

Алайда Джорджия штатының Бас прокурорының кеңсесі бұл заңда миы өлген әйелдің денесін босанғанға дейін аппараттарға қосулы күйде ұстау міндеті нақты көрсетілмегенін мәлімдеді.

Тэгтер:

АҚШ Эприл Ньюкерк Сәби