Қай заманда да елдің қуаты — еңбек адамы, жердің нәрі — маңдай термен өнген дән. Адал еңбектің жемісі мен жердің берекесін қатар ұстаған азаматты жұрт ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі күні туған жеріне қайта оралып, тіршілікке жан бітіріп, ауылдың тамырына қан жүгірткен жандардың еңбегі - ұлтқа үлгі, жұртқа өнеге.
Солардың бірегейі – Абай облысы, Ақсуат ауданы, Құмкөл (бұрынғы Партсьез) ауылының тумасы Дархан Кітатов. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен ауылдың тыныш, бірақ табысты өміріне бет бұрған ол - «Қаладан ауылға» бағдарламасының нақты жемісі. Бір жыл бұрын Алматы қаласынан отбасымен туған ауылына көшіп келген Дархан бүгінде нағыз еңбектің адамына айналды.
Қаладағы өмір - ауылдағы іске жол ашты
Дархан бұрын мегаполисте қызмет етіп, тұрақты табыс тапқан. Бірақ оның жүрегінде туған жерге деген сағыныш пен жауапкершілік басым түсіп, отбасымен ауылға көшіп келу туралы шешім қабылдады. Бұл - науқанмен жасалған емес, нағыз азаматтық таңдаудан туған қадам. Ауылға оралған соң бірден қол қусырып отырмай, біздіңше сирек кәсіп жоңышқа егіп, егін шаруашылығына бет бұрды. Жердің тілін тауып, агротехникалық білімін жетілдіріп, алғашқы өнімін алды.
Ол - нағыз «егіннің ебін тапқан» шаруа. Бір сөзбен сиппттасақ, қара жерге иек артып, маңдайдан қара тері тамшылап, адал еңбек етіп жүрген ерен еңбектің иесі.
Өзінің кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ауыл жастарына да үлгі көрсетуде...
Ауыл - келешектің мекені
Бүгінде, ауыл - тек шау тартқан қартамыс қариялар мекені емес. Ауыл — нағыз еңбек етіп, кәсіп ашуға, отбасы құрып, ұрпақпен өсіп- өнуге болатын кең өріс те. Бұған дәлел - Дархан Кітатов сынды жастардың елге қайтуы. Оның жеке тәжірибесі ауылда табыс табуға, жаңашыл жобаларды енгізуге, шағын және орта бизнесті өркендетуге болатынын дәлелдеп отыр.
Дархан бүгінгі таңда егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығы бағытында да тың бастамаларға бет бұрып отыр. Ол агроөндірісте заманауи технологияларды қолдана отырып, жергілікті ауыл шаруашылығын жаңғыртуға барынша күш салуда. Бұл - тек өз ісіне емес, ауылдың дамуына қосылған нақты бір үлес.
Ауыл - ұлттық құндылықтың алтын қайнары
Ұлт болып ұйысудың негізі – отбасында, ал, отбасы – ауылдан басталады. Ауыл — ата-баба дәстүрінің, тіл мен ділдің, мәдениет пен моральдың қайнар көзі екенін ескергеніміз абзал. Қаладан ауылға оралу - рухани жаңғырудың бір белгісі.
Дархан мен оның отбасындай азаматтар ауылда қалып, өзінше тіршілік етіп, ұрпақ тәрбиелесе, бұл – елдің болашағына салынған берік негіз. Ондай жандар тек еңбек етіп қоймай, айналасына рухани әсер етіп, ауылды көркейтіп, жаңғырту жолында үлгі болады.
Мақсат - әр азаматқа мүмкіндік беру
«Ауыл - алтын бесік» деп бекер айтылмаған. Мемлекет пен қоғам тарапынан ауыл тұрғындарына жасалып жатқан мүмкіндіктерді
ұтымды пайдалана білсек, ауылдарымыз да еңсесін тіктеп, қайтадан гүлденер еді.
Біз «Ауыл» партиясы ретінде ауылды дамытуға бағытталған кез келген бастаманы қолдаймыз. Тек мемлекеттік қолдау жеткіліксіз. Ауылға оралып жатқан жастарға сенім артып, оларды моральдық тұрғыда да демеп отыру керек дер едім.
Дархан секілді жігерлі жастар көбейсе, ауыл - береке мен бірлікке, еңбек пен табысқа, болашақ пен тұрақтылыққа толы мекенге айналары ақиқат. Біз әр ауылда осындай тұлғалар қалыптасып, өз ортасына ықпал етсе дейміз.
Сөзімізді қысқаша түйіндесек:
Ауыл - тамыр. Ауыл – тұғыр. Ауыл - тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Осыны ұмытпайық!
Дархан Кітатовтың жолы - әрбір жасқа үлгі, әрбір азаматқа ой
саларлық тағылым.
Гүлденсе ауыл - гүлденеді еліміз!
Авторы: «Ауыл» партиясының өкілі, Ерік Омарғали.