"Alikhan Bokeikhan University" ББМ-нің жиын залында
12 - 13 маусым күндері – Семей қаласында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» көшпелі отырыс өтті. Іс- шараға ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, академиктер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, жоғары оқу орындарының басшылары және жергілікті қоғам өкілдері мен белсенділері қатысты.
Жиында өңірлік ғылымды дамыту, оны ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларына тиімді енгізу жолдары кеңінен талқыланды.
Отырыста сөз сөйлеген ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев Абай облысының ғылыми және өндірістік әлеуетін атап өтіп, Курчатов қаласындағы бұрынғы Семей ядролық полигонын бірегей ғылыми база ретінде пайдалану, атом энергетикасы өнімдерін әлемдік нарыққа шығару мүмкіндігі туралы ойымен бөлісті. Сонымен қатар, өңірдің бай жайылымдарын тиімді игеру, мал шаруашылығын цифрлық технологиялармен қолдау, экологиялық таза өнім өндіру мен оны экспорттау – аймақтың әлеуетін көтерудің негізгі бағыты ретінде айтылды.
Академиялық жиында, ғылыми баяндама оқыған "Ауыл" партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, Қоғамдық кеңестің мүшесі
Қайрат Смағұлов: «Ғылым ауылдан алыс болмауы керек» - деп өз пікірімен бөлісті.
Жиынға қатысқан «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Қайрат Қанатұлы Смағұлов ауылды ғылыммен ұштастырудың өзектілігін атап өтті. Өз баяндамасында ол ауыл шаруашылығында органикалық тыңайтқыш өндіру, қой жүнінен ланолин алу, мал қалдықтарынан биогумус шығару сынды жобалардың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, шалғай ауылдардың энергия тапшылығын шешу үшін жел, күн және биогаз энергиясын дамыту қажеттігін ұсынды. Оның айтуынша, бұл – ауылдың экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі.
> «Ауыл – ұлттың рухани да экономикалық тірегі. Ғылым – ауыл шаруашылығына тікелей қызмет етуі тиіс. Университеттерімізде теория көп, бірақ тәжірибелік база жетіспейді. Агроуниверситет өз егіндігі мен мал шаруашылығы базасына ие болуы керек», – деді Қайрат Смағұлов.
Өңірлік ғылым – экономикалық өсу факторы
Көшпелі отырыста қатысушылар жуырда қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» ҚР Заңының өңірлік ғылымды дамытудағы рөліне де тоқталды. Ғылыми -техникалық кеңестер құру арқылы өндірістің өзекті мәселелерін жергілікті деңгейде шешу тетіктері ұсынылды.
Академиктер мен сарапшылар Семей өңірінде ғылымды ауыл шаруашылығы, экология, атом энергетикасы, тау-кен металлургиясы, медицина сынды салаларға бағыттап, жергілікті ерекшеліктерге бейімделген жобаларды жүзеге асыру қажет екенін баса айтты.
Қорытындылап айтқанда:
Ғылым мен ауылдың бірлігі – өңірдің қуаты
Көшпелі отырыс соңында қатысушылар өңірлік ғылымды күшейту, жаңа ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу, кадр дайындаудың сапасын арттыру, ғылыми жаңалықтарды өндіріске ендіру мәселелері бойынша бірқатар нақты шешімдер қабылдады.
Бұл бастамалар алдағы уақытта Абай облысы мен еліміздің ауыл шаруашылығы секторының тұрақты дамуына, жаңа технологиялардың кеңінен қолданылуына және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге зор үлес қосатынына сенім білдірілді.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы