Қазақ тілім - Ғажап құның

19 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: жеке мұрағаттан

Тіл – ұлттың айнасы, оның болмысы мен рухани байлығының көрінісі. Қазақ тілі – сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып, талай тарихтың куәсі болған асыл қазына. Ол – бабалардан қалған аманат, ұлттық бірегейлігіміздің негізі. Ғасырлар бойы Ұлы Даланың төсінде өркениетке ұмтылған ұлт болып қалыптасқан қазақ халқы үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – біздің дүниетанымымызды, мәдениетімізді, тарихымызды сақтап келген киелі асыл мұра.

Тәуелсіз елдің еңсесі – тілдің мерейі

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
"Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оның қолдану аясын кеңейту – бәрімізге ортақ міндет. Ана тілімізді құрметтеу, оның мәртебесін арттыру – елдігіміздің айқын көрінісі. Қазақ тілін білу – әрбір Қазақстан азаматының парызы", – деп атап өткен еді.

Мемлекет басшысының бұл сөздері – әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – ана тіліміздің қадірін түсініп, оны құрметтеп, қолданыс аясын барынша кеңейту. Өйткені тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры.

Қазақ тілі бүгінде тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі ретінде мәртебеге ие болғанымен, оның толыққанды қолданысы үшін қоғамның қолдауы аса маңызды. Заңдар мен қаулылар қабылданғанымен, шын мәнінде қазақ тілінің абыройы – әрбір азаматтың оны қаншалықты құрметтейтініне, өмірлік қажеттілікке айналдыра алуына байланысты. Біз өз тілімізде еркін ойлап, таза сөйлеп, сауатты жазып, дамытуға атсалыссақ қана, қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі бола алады.

Ана тілім – болашағым

Қазақ тілі – бабалардан жеткен құнды қазына. Ол бізге ата-бабамыздың аманаты, ұлттық рухымыздың діңгегі. Біздің міндетіміз – осы бай мұраны болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізу.

Дегенмен, өкінішке қарай, қазақ тілінің қолданысы әлі де болса кейбір салаларда әлсіз. Кейбір азаматтар өз ана тілінде сөйлеуге именеді, кейбір жастар қазақ тілін жетік меңгеруге немқұрайлы  қарайды. Мұндай бейқамдық ана тіліміздің болашағына үлкен қауіп төндіруі мүмкін... 

Менің ойымша, тілді  дамыту үшін оны күнделікті өмірде, әсіресе, әлеуметтік ортада  кеңінен қолдану қажет. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас барша халықтың міндеті. Егер әр отбасы өз баласын ана тілінде тәрбиелеп, қазақша сөйлеуге баулыса, тіліміз ешқашан жойылмайтыны анық. 

Қазақ тілінің келешегі – жастардың қолында

Бүгінде жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру маңызды. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың болмысы, рухы. Оны жоғалтсақ, ұлттық санамыздан да айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан жастардың қазақ тілінде білім алуына, қазақша ойлауына жағдай жасау – біздің ең басты парызымыз деп санаймын. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
"Қазақ тілі – ғылым мен білімнің, интернет пен жаңа технологияның тіліне айналуы керек. Біз тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізуіміз қажет", – деп атап өтті.

Демек, қазақ тілі тек тұрмыстық деңгейде қалып қоймай, ғылым мен технологияның, интернет пен заманауи цифрлық кеңістіктің тіліне айналуы керек. Егер  біз  қазақ тілінде сапалы контент жасап, оны дамытсақ, келер ұрпақ бұл тілді өз қажеттілігіне жарата алатын болады.

Қазақ тілі – ұлт тірегі

Қазақ тілі – ғажап құндылық. Оның қасиетін ұғыну – өз ұлтыңды тану, өз болашағыңды айқындау. Тіл – руханияттың бастауы, ұлттың жаны. Сондықтан оны құрметтеу, дамыту, өркендету – әрбір қазақтың қасиетті борышы.

Қазақ тілі – ұлы Абайдың, арыс Мағжанның, абыз Мұхтардың тілі. Бұл тіл – батырлардың да, ғұламалардың да, ақындардың да тілі. Бүгінгі  ұрпақ  осы  тілді сақтап қана қоймай, оны одан әрі байытып, келешекке аманат ете білуі керек.

Осынау, қасиетті ұлан-ғайыр  Ұлы Дала төсінде  ғасырлар бойы жасасқан қазақ тілі мәңгілік тіл болуы тиіс! Ол үшін әрқайсымыз өзімізден бастауымыз қажет – отбасынан, ортадан, қоғамнан. Қазақ тілінің мәртебесі тек заңдармен емес, оны күнделікті өмірімізде қолдануымызбен, жүрегіміздегі сүйіспеншілігімізбен өлшенеді.

   Ана тіліміздің мәртебесі асқақтасын! 


Атаева Мейрамгүл Балабайқызы,
Бородулиха ауданының «Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының» директоры. 

Тэгтер:

қазақ тілі Атаева Мейрамгүл Балабайқызы