Ислам Махачев Рахмоновпен емес, Усманмен жекпе-жек өткізуі мүмкін
Ислам Махачевтің жаттықтырушысы Хавьер Мендес UFC-дің бұрынғы чемпионы Камару Усманмен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл туралы ол The Javier & Mo Show подкастында айтты, деп жазады Anyqtime.kz.
Мендестің айтуынша, Махачевтің келесі қарсыласы – австралиялық Джек Делла Маддалена. Дегенмен, команда болашақ қарсыластарды да шолып шыққан.
"Ислам Джекпен жекпе-жекке шығады. Бірақ біз болашақтағы мүмкін қарсыластарға да көз тастай аламыз. Жартылай орта салмақта Шавкат Рахмонов, Камару Усман және басқа да мықты спортшылар бар", – деді Мендес.
Жаттықтырушы Усманмен арадағы қарым-қатынасты да атап өтті:
"Камару керемет спортшы. Біз онымен дос емеспіз, бірақ араласамыз. Ол чемпиондық белбеуді қайта алғысы келеді. ‘Иә, біз Исламмен бауырмыз, бірақ белбеу үшін бәрін ысырып қоямын’ деуі мүмкін. Егер Ислам қаласа, Усманмен де жекпе-жекке шығуға болады", – деді ол.
Мендес Белал Мұхаммедке қатысты жағдайды да еске түсірді. Ол кезде Хабиб Нурмагомедов Белалмен жекпе-жек болмайтынын кесіп айтқан. Ал Усманмен жағдай басқаша.
Айта кетейік, Камару Усман таяуда титулдық жекпе-жекке қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал Ислам Махачевтің қазіргі жоспары – Джек Делла Маддаленамен болатын кездесу.