Павлодарда өткен қыз ұзату тойына келген қонақтардың көпшілігі уланып қалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 7-8 маусым күндері мейрамханада тойға келген 67 қонаққа медициналық көмек қажет болды, олардың ішінде төртеуі — бала, жалпы 27 адам ауруханаға жеткізілді.
Ресми мәлімет бойынша, уланғандардың көпшілігіне «сальмонеллезді энтерит» диагнозы қойылған. Зертхана қорытындысы бойынша, тағамнан адам ағзасына аса қауіпті сальмонелла мен алтын түстес стафилококк бактериялары табылған.
Бактерия тағамнан да, ыдыстан да табылды
Сараптама нәтижелері куриный рулет, бешбармақ, цукини, сыр, сиыр етінен жасалған медальон және тауықтың сан етінен алынған үлгілерден, сондай-ақ, ыдыс-аяқ пен пеш табақтарынан алынған сынамалардан сальмонелла мен стафилококк анықталғанын көрсетті. Сонымен қатар, тойдан кейін қонақтар алып кеткен сарқыттан да бактерия табылған.
Мейрамхана санитарлық рұқсатсыз жұмыс істеген
Тексеру кезінде мекеменің санитарлық нормаларды өрескел бұзғаны белгілі болды. Ресторанда санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат болмаған, азық-түліктер дұрыс сақталмаған, желдету жүйесі болмаған және қызметкерлер медициналық тексеруден өтпеген.
Департамент аталған ресторанның жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы шығарды. Қызмет тек барлық заңбұзушылықтар жойылып, арнайы санитарлық қорытынды алынған соң ғана қайта жанданады. Іс құқық қорғау органдарына беріліп, қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.
Куәгерлер не дейді?
Жаппай улану оқиғасы туралы алғаш болып әлеуметтік желіде той иесі Азиза Исабай жазды. Ол 7 маусым күні қыз ұзату тойын өткізгенін, ал келесі күні бірнеше қонақтың ауруханаға түскенін хабарлады.
Оның айтуынша, 8 маусым күні туыстары ресторан әкімшілігіне шағым түсірген. Сол күні мекемеге санитарлық қызмет өкілдері де тексеріспен барған. Алайда кешке ресторанда тағы бір банкет өтіп, одан кейін де уланған адамдар тіркелген.