Бұрынғы судья Светлана Жолманова 10 жылға сотталды
Фото: i0.wp.com

Бұрынғы судья Светлана Жолманова 10 жылға сотталды

Алматыда экс-судья Светлана Жолманова аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz 

Іс Медеу аудандық №2 сотында судья Қанат Арыновтың төрағалығымен қаралған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу материалдарына сәйкес, Жолманова 2021-2024 жылдар аралығында түрлі азаматтарға жылжымайтын мүлік алып беремін және тендер жобаларынан табыс табуға көмектесемін деп уәде беріп, олардың сеніміне кірген. Осылайша ол 1 миллиард теңгеден астам қаржыны иемденіп кеткен.

Құзырлы орган өкілдері бұл алаяқтықтың 48 эпизодтан тұратынын және олардың бір іс аясында қаралғанын мәлімдеді. Іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») сотқа жіберілген.

Айта кетейік, Жолмановаға қатысты алғашқы қылмыстық іс 2021 жылы қозғалған. Сол кезде де ол белгілі тұлғаларға сот шешімін оң бағытта шығару үшін көмектесемін деп уәде беріп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген еді.