Александр Бубликтен ерлік: әлемнің үздік теннисшісін тізе бүктірді

Бүгін, 07:32 / Теңіз Тамшыбаев
Сурет: AnyqTime коллажы

Қазақстанның мақтанышы, теннисші Александр Бублик Германия төрінде өткен ATP 500 санатындағы беделді турнирде ел есінде ұзақ сақталатын жарқын жеңіске жетті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Галле кортында өткен кездесуде Бублик әлемдік рейтингтің бірінші сатысында тұрған Янник Синнерді үш сетке созылған текетіресте жеңіп шықты — 3:6, 6:3, 6:4.

Италиялық Синнер бұған дейін «Ролан Гаррос» турнирінде Бубликті жарыс жолынан шығарған болатын. Алайда бұл жолы жағдай мүлде басқаша өрбіді. Александр қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп қана қоймай, өткен кездесудегі есені қайтарып, жанкүйерлерін шаттыққа бөледі.

Ойын барысында Бублик салқынқандығын жоғалтпай, шеберлігімен көзге түсті. Бірінші сетте жеңіліп қалса да, келесі сеттерде өз тактикасын сәтті іске асырып, қарсыласының әлсіз тұстарын ұтымды пайдаланды.

Осылайша ол ширек финал жолдамасын жеңіп алып, енді чехиялық теннисші Томаш Махачпен кортқа шығуға дайындалуда.

Айта кетейік, Бублик дәл осы турнирдің 2023 жылғы жеңімпазы. Ал 2022 жылы ол мұндай биікке жете алмаған еді. Енді міне, былтырғы жетістігін қайталауға нақты мүмкіндік туып отыр.

Жеңісі үшін отандасымыз 69 100 еуро көлеміндегі жүлде мен 100 ATP ұпайына ие болды. Бұл тек бір матчтың нәтижесі ғана емес — бұл еңбек пен табандылықтың, спортқа деген адалдықтың жарқын көрінісі.

Тэгтер:

Александр Бублик теннис Германия ATP 500 Янник Синнер