Трамп Иранға қарсы ауқымды соққыны мақұлдады – шетелдік БАҚ
Сурет: ria.ru

Трамп Иранға қарсы ауқымды соққыны мақұлдады – шетелдік БАҚ

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп әкімшілігі Иранға қарсы әскери шабуыл жоспарын қолдаған. Бұл жөнінде беделді америкалық журналист әрі Пулитцер сыйлығының иегері Сеймур Херш хабарлады, деп жазады Anyqtime.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Журналистің айтуынша, Ақ үй Вашингтонның Иранға жаппай әуе соққысын жасауды мақұлдаған. Бұл мәліметті Херш Substack платформасында жарияланған мақаласында америкалық және израильдік дереккөздерге сүйене отырып келтірген.

Осыған ұқсас ақпаратты The Wall Street Journal басылымы да растады. Басылым мәліметінше, Трамп Иранға соққы жасау жоспарын құптағанымен, әзірге оның орындалуына нақты бұйрық берілмеген.

АҚШ тарабы Иранның ядролық бағдарламадан өз еркімен бас тартуына әлі де үміт артып отыр. Алайда, егер шабуыл жүзеге асса, басты нысана ретінде таудың астында орналасқан Фордодағы уран байыту зауыты таңдалуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бұл нысанды тек АҚШ-тағы қуатты GBU-57A бомбалары ғана жоя алады. Олар арнайы B-2 Spirit құпия бомбалаушы ұшақтарымен тасымалданады.

Axios басылымының хабарлауынша, Трамп шабуыл басталар алдында Пентагоннан Фордоны жоюға қарсыбункерлік бомбалардың нақты қауқары бар-жоғына кепілдік талап еткен. Сонымен қатар, ол бұл операция тек нысаналы соққылармен шектелуі тиіс екенін айтып, Таяу Шығыста ұзаққа созылатын соғысқа қатысқысы келмейтінін жеткізген.

Бейсенбі күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт журналистерге Трамптың сөзін жеткізді. Онда алдағы екі аптада АҚШ-тың Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа араласу мәселесі бойынша шешім қабылданатыны айтылған.

«Егер келіссөз жүргізу мүмкіндігі болса, мен әрекет ету немесе етпеу туралы шешімді алдағы апталарда қабылдаймын», – деген Трамптың мәлімдемесін келтірді Левитт.

Ақ үй қазіргі уақытта Иранмен байланыс орнағанын растағанымен, нақты ақпарат беруден бас тартты. Вашингтон уран байытуға жол бермейтін мәміле жасау қажет деп санайды.