Қазақ азаматы 40 жылға жуық уақыт өткен соң саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылды

Бүгін, 13:00 / Ақбота Сабырхан
Фото: Новый репортер

Ақтөбеде сот Алматыда өткен Желтоқсан оқиғасына қатысқан ер адамды саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп таныды. Бұл туралы 2025 жылғы 20 маусымда Қазақстан Жоғарғы Соты хабарлады, деп жазады Anyqtime.kz тілшісі

Жұма күні таратылған баспасөз релизінде 1984 жылы Ақтөбе тұрғыны Гурьев облыстық партия комитеті мен Мақат локомотив депосының кәсіподақ комитетінің жолдамасымен Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне қабылданғаны айтылған. 1985 жылы ол университеттің философия және экономика факультетінің студенті атанған.

"Алайда 1986 жылы оны қоғамдық тәртіпті бұзды деген сылтаумен университеттің 2-курсынан шығарып жіберген. Оқудан шығару негізі – 1986 жылғы 18 желтоқсанда Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысы бар деген күдікпен құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны ұстап, айып тағылмаған күйі босатқаны. Соған қарамастан, ол студенттер қатарынан ғана емес, КОКП қатарынан да шығарылып, қуғын-сүргінге ұшырап, жұмысқа орналаса алмай қалған. Оның зайыбы да – сол университеттің философия факультетінің түлегі – дәл осындай себептермен жұмысқа тұра алмаған", – делінген Жоғарғы Соттың хабарламасында.

Сондай-ақ, 1990-1993 жылдары үш кішкентай баласы бар бұл отбасы жалдамалы баспанада тұрып, әлеуметтік тұрғыдан нашар жағдайда болғаны айтылған.

2025 жылы желтоқсан оқиғасының 64 жастағы куәгері 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқанына байланысты өзіне қатысты саяси қуғын-сүргін фактісін мойындату үшін сотқа жүгінген.

"Ақтөбе қаласының №3 соты бұл істі қарап, талапкердің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына шын мәнінде қатысқанын және саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын, соның ішінде еңбек ету құқығы шектелгенін анықтады. Бұл жағдайлар университет пен Алматы қалалық прокуратурасының мұрағаттық анықтамаларымен, сондай-ақ куәлардың айғақтарымен расталды. ҚР Азаматтық процестік кодексінің 306-бабына және 'Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы' ҚР Заңының 2-бабына сәйкес сот талапкерді 1986 жылғы оқиғаларға байланысты саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп таныды", – делінген Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Ақтөбе Жоғарғы Сот Желтоқсан оқиғасы