2025 жылғы 19 маусым кешінен бастап бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде америкалық миллиардер Илон Маск Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне (СІМ) саяси баспана беру туралы өтініш жолдады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Anyqtime.kz
"Жаңа адамдар" партиясынан Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары Владислав Даванков Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында NEWS.ru тілшісіне берген сұхбатында, Ресей СІМ Илон Маскқа қатысты тиісті өтінішті алғанын және оған бір ай ішінде жауап берілуі тиіс екенін мәлімдеген.
"Менің ойымша, Илон Маск қателіктер жіберді, бірақ мұндай қателіктерді кешіре білу керек. Егер болмай қалса – біз әрқашан оны күтеміз. Ол технологиялық тұрғыда да, болашақты болжау қабілеті жағынан да өте мықты адам", – деді депутат.
Осы мәлімдемеден кейін көптеген ақпарат құралдары бұл сөзді Илон Масктың өзі Ресейдің СІМ-не өтініш жолдағандай етіп қабылдады. Іздеу жүйелері “Маск Ресейден саяси баспана сұрады”, “Маск СІМ-ге өтініш берді”, “Даванков Масктың өтініші туралы айтты” деген тақырыптармен толып кетті. Алайда бұл шындыққа жанаспайды.
Іс жүзінде америкалық кәсіпкердің бұл жағдайға еш қатысы жоқ, ол ешқандай өтініш жасаған емес. “Жаңа адамдар” партиясының баспасөз қызметі “Подъём” басылымына түсініктеме беріп, Ресейдің СІМ-не Маскқа қатысты сауалды жолдаған адамның өзі Владислав Даванков екенін мәлімдеді.
"Бәрі дұрыс түсінбей қалды, мақалада бұл қате берілді. Маск туралы сұранысты СІМ-ге жіберген – Владислав Даванковтың өзі. Біз сол сұрауға жауап күтіп отырмыз", – деді партия өкілдері.
Соңғы уақытта Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамптың арақатынасы шиеленісіп кеткен болатын. 2025 жылғы 3 маусымда Маск Трамп әкімшілігі ұсынған бюджеттік жобаны сынға алды. Бұған жауап ретінде Трамп кәсіпкердің сөзіне қатты ренжігенін айтты.
Кейін Илон Маск блогер Ян Майлз Чонгтың Трампқа импичмент жариялап, оның орнына елдің вице-президенті Джей Ди Вэнсті тағайындау идеясын қолдап шықты. Сондай-ақ, Трамптың аты Эпштейн ісінде аталатынын мәлімдеді. Бұдан соң Трамп Маск туралы "ақылынан айырылған адам" деп қатты сын айтты.
Алайда 9 маусымда SpaceX негізін қалаушы Маск Трампты қолдайтынын жариялап, екеуі жеке түрде туындаған келіспеушілікті талқылаған.