Танымал блогер және продюсер Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбек желідегі жазбасында қайын атасы Ербол Қайдаровтың дүниеден өткенін хабарлап, жан тебірентерлік сөз арнады, деп жазады Anyqtime.kz Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Айсәуле жақын адамынан айырылудың ауырлығын жеткізуге сөз таппай отырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл қаза – бүкіл отбасына орны толмас қайғы әкелген.
– Қандай сөзбен жеткізерімді білмеймін. Ішімде алай-дүлей сезім. Жан жарымның ішкі жан дүниесі қан жылап тұрғанын сезем, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Балаларымыз аталарын асыға күтіп отыр. Ал мен олардың жүрегіне түсетін бұлтты қалай жұмсартып жеткізсем екен деп далмын. Ал олар оны іссапарда деп ойлайды, – деп жазды Айсәуле.
Ол сондай-ақ қайын атасының өзі үшін ерекше жан болғанын, әр жетістігіне қуанып, үнемі қолдап отырғанын тебірене еске алды.
– Әкеміз менің әр сұқбатымды көріп, әр жазбамды қалт жібермейтін. Ең ұсақ әріппен жазылған ойымды да оқып, мені мақтан тұтатынын айтудан ешқашан ұялған емес. Мен де сізді мақтан етемін, ата! Өзіңіздей адал, шынайы, парасатты жанның отбасының бір мүшесі болғаныма мың алғыс. Біз сізді қатты жақсы көреміз. Бүгінде сіздің жоқтығыңызды қабылдауға тырысып жатырмыз. Бірақ көңілімізде сіз әрдайым барсыз, – деп жазды ол.
Айсәуленің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қолдау тауып, жұртшылық отбасыға көңіл айтып, тілек білдіруде.