Қазақстанның Ішкі істер министрлігі (ІІМ) тергеушілерге арналған жаңа интерактивті көмекші жобасын іске қосты, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Жаңа жобаның мақсаты – қылмыстық істерді тергеу сапасы мен жылдамдығын арттыру.
ІІМ қызметкерлерінің мәліметінше, жасанды интеллект (ЖИ) "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесіне енгізілген және тергеушілердің күнделікті рутиналық жұмысын автоматтандыруға көмектеседі.
Жаңа жүйе келесі мүмкіндіктерге ие:
- сөйлеуді мәтінге айналдырады;
- әртүрлі адамдардың жауабын салыстырып, қайшылықтарды анықтайды;
- жауап алу кезінде нақтылаушы сұрақтар ұсынады;
- процессуалдық құжаттарды автоматты түрде жасайды.
Сонымен қатар, ЖИ төрт негізгі модульден тұрады:
- тергеу жоспарын құру;
- айғақтарды өңдеу;
- құжаттарды дайындау;
- аналитика және болжау.
Құқық қорғау органдары бұл жоба тергеуге кететін уақытты қысқартып, тергеушілерді техникалық жүктемеден босатады деп сенеді.
Аталған жүйені Астана қаласындағы Есіл аудандық полиция басқармасы 2025 жылдың 19 маусымынан бастап пилоттық режимде пайдаланып жатыр.
Келесі аптада бұл жүйе Ақмола облысы, Қосшы қалалық полиция бөлімінде іске қосылмақ.