Шымкенттегі ұлттық рекорд: 500 дрон мен 62 000 адам Мемлекеттік гимнді бірге шырқады
Шымкент аспанында тарих жазылды: 62 мың адам Мемлекеттік гимнді орындап, дрон-шоу арқылы рекорд орнатты, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Шымкенттің туған күніне арналған мерекелік шаралар аясында ел тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға орын алды.
«Той Думан» атты гала-концерт кезінде 500 дрон түнгі аспанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнінің жолдарын жарық арқылы бейнелеп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Осы бір сәтте 62 000 тұрғын гимнді бірге шырқап, Қазақстандағы «ең ауқымды синхронды гимн орындау және дронмен аспанда визуализация жасау» номинациясы бойынша жаңа ұлттық рекорд орнатты.
Ауқымды шараның ұйымдастырушысы — Шымкент қаласы әкімдігі. Жобаға толық мәдени және техникалық қолдау көрсетіп, оның жоғары деңгейде жүзеге асуын қамтамасыз етті. Техникалық серіктес ретінде еліміздегі дрон-инсталляциялар көшбасшысы — Aspan Galaxy компаниясы таңдалды.
Түнгі аспанды жарыққа бөлеген 500 дрон — отаншылдық рухтың көрінісіне айналды. Бұл көрініс халықтың мемлекетке, рәміздерге және Тәуелсіздікке деген терең сүйіспеншілігін паш етті.
Шараның ерекше жетістігі ресми түрде «КИнЭС–2025» Қазақстан рекордтар кітабына тіркеліп, ұлттық жетістіктер реестріне енгізілді.
Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан сенімді серіктестер — BI Group пен Otau Group компаниялары арнайы сертификаттармен марапатталды.
Бұл тек мерекелік кеш емес, елдің бірлігі мен рухын танытқан тарихи сәт болды.