Мектептен қуылған Сұңқар аттестат алды: даулы оқиға немен аяқталды?
Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған 11-сынып оқушысы Сұңқар жалпы білім беретін мектепте оқуын аяқтап, аттестат алды. Бұл туралы қоғам белсендісі Аида Бұқаева әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Оқиға бірнеше апта бұрын әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Сұңқардың емтихан кезінде мұғалімге тіл тигізіп, кейін мектептен шығарылғаны туралы ақпарат қоғамда әртүрлі пікір тудырды.
Белсендінің айтуынша, Сұңқар Алматыдағы №8 мектепке қабылданып, барлық сынақты сәтті тапсырып шыққан.
«Сұңқар дайын болмаса да, барлық емтиханды үштіксіз тапсырып, аттестат алды. Енді ҰБТ-ны күтудеміз. 2025 жылдың түлегі ретінде оның толық құқығы бар», – деп жазды Аида Бұқаева.
Сондай-ақ ол Сұңқардың ата-анасы туралы да пікір білдірді. Айтуынша, отбасы тарихи Отанына Қытайдан қоныс аударған, ал ата-анасы мемлекеттік тілде сөйлегенімен, орысша білмейді. Осы жайт белгілі бір қысым туғызған болуы мүмкін.
«Олар өте қарапайым, тәрбиелі жандар. Сұңқар – отбасындағы жалғыз бала. Бүгінде оның көзінен қуанышты байқаймыз. Жазалау арқылы емес, түсіндіру арқылы тәрбиелеу маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Сұңқардың емтиханға телефонмен кіріп, мұғалімге балағат сөз айтқаны үшін мектептен шығарылғаны хабарланған еді.