Қайғылы жағдай: Астанада ер адам көз жұмды
Астанадағы Сарыарқа ауданында 1986 жылы туған ер адамның денесі су айдынынан табылды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ресми түрде хабарлады, деп жазады Anyqtime.kz.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Шығанақ көшесінің маңында болған. Құтқарушылар патрульдік кезекшілік барысында судағы адамның денесін байқап, дереу әрекет еткен.
«Құтқарушылар ер адамды судан шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – делінген ресми ақпаратта.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды:
Рұқсат етілмеген жерлерде суға түспеңіздер;
Мас күйде шомылуға болмайды;
Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар;
Қауіпті жағдай туындаған жағдайда «112» нөміріне дереу хабарласыңыздар.
Айта кетейік, бұған дейін елордада тағы бір қайғылы жағдай орын алған болатын: ер адам әйеліне пышақ жарақатын салып, артынша 25-қабаттан секіріп кеткен. Бұл оқиға бойынша да тергеу амалдары жүргізілуде.