Семейдің автобус паркі жаңарды: Қалаға 44 жаңа көлік шықты
Семей қаласы жолаушылар көлігі саласында елеулі жаңару болды. «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумының қарсаңында шаһардың автобус паркі 44 заманауи көлікпен толықты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Қазір қала ішінде 42 бағыт бойынша 331 автобус қатынап жүр. Бұл қызметті 5 жекеменшік тасымалдаушы компания атқарады. Дегенмен, Семейде соңғы рет қоғамдық көлік паркі 2019 жылы жаңартылған екен.
Биыл бұл олқылықтың орны тола бастады. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Авто Транс Семей» ЖШС Семейде құрастырылған жаңа автобустарды сатып алып, қала тұрғындары үшін тасымал сапасын жақсартуға үлес қосты. Барлығы – салқындатқышпен жабдықталған, заманауи техникалар.
Аймақ әкімі Берік Уәли жаңа автобустармен жеке танысып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасатынын айтты.
– Бір ай бұрын ғана қаладағы автобус паркін жаңартамыз деп уәде берген едік. Бүгінде 30 үлкен және 14 шағын автобусты пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл көліктердің барлығы – Семей қаласында жасалған өнімдер. Сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті. Көптеген облыстар қызығушылық танытып жатса да, зауыт бірінші кезекте біздің тапсырысымызды орындады. Жыл соңына дейін тағы 26 автобус қосылып, жалпы саны 70-ке жетеді. Келесі жылы тағы 50 автобус сатып алу жоспарымызда бар. Ең бастысы – бұл автобустардың барлығы салқындатқышпен жабдықталған. Бұрын-соңды Семейде мұндай жағдай болмаған, – деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, жаңа автобустар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай арнайы логотиппен безендірілген. Әкім басты мақсат – тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы көлікпен жүру мүмкіндігін ұсыну екенін атап өтті.