Тарифтер тағы қымбаттады: Beeline-ның жаңа шарттары халықтың ашуын туғызды
Қазақстандықтар Beeline ұялы байланыс операторының тарифтерінің қымбаттауына наразылық білдіруде. Компания шілде айынан бастап кейбір абоненттер үшін абоненттік төлемнің өсетінін мәлімдеген, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Жаңа шарттарға сәйкес, кей тарифтік жоспарлардың құны орта есеппен 1146 теңгеге өспек. Алайда бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, көпшіліктің ашуын туғызды.
“Үйде де, жұмыста да Wi-Fi қолданамын. Ал тариф үшін 5000 теңге төлеп жүрмін. Енді тағы өсірмек. Бұл қаншалықты әділ?”, – дейді желідегі қолданушылардың бірі.
Тағы бір жазбада:
“Premium Family тарифі 20 мыңға жақындап қалды. Бұл – шектен шыққандық!”, – деп пікір білдірді желі қолданушысы.
Beeline өкілдерінің айтуынша, бағаның өсуі инфрақұрылымды дамыту мен желі жаңартуына кететін шығынмен байланысты. Компания бұл өзгерістер тек абоненттердің 10%-ына қатысты екенін атап өтті.
Оператордың мәлімдемесінде, өзгерістер Қазақстан заңнамасына сай жүргізіліп жатқаны, абоненттерге алдын ала ескерту SMS-хабарламалары жіберілетіні айтылған. Сондай-ақ, жаңа шарттармен келіспейтіндер қызметтен бас тарта алатыны хабарланды.
Десе де, желі қолданушылары қызмет сапасының әлсіз екенін, ал бағаның негізсіз көтеріліп жатқанын алға тартуда.