Ұлытау көшесіндегі қасірет: жасөспірімнің өліміне қатысты жүргізуші тұтқындалды
фото: NUR.KZ/Петр

Ұлытау көшесіндегі қасірет: жасөспірімнің өліміне қатысты жүргізуші тұтқындалды

Сәтбаев қалалық соты жасөспірімді қағып, қайтыс болуына себеп болған жүргізушіге қатысты бұлтартпау шарасын қарады. Бұл туралы Қарағанды облысы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Оқиға 2025 жылғы 16 маусымда Сәтбаев қаласының Ұлытау көшесінде, «Мал базары» маңында болған. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі Мұратбаев көшесімен Жезқазған бағытына қарай келе жатып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 2012 жылы туған жасөспірімді қағып кеткен. Сол сәтте қарсы бағыттан келе жатқан Lada Priora көлігі де қызды басып кеткен.

Қайғылы оқиға салдарынан жасөспірім алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Жедел жәрдем келгенше оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізуші адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот отырысы кезінде күдікті өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі тергеу материалы – куәгерлердің түсінігі, оқиға орнындағы видео және ресми хаттамалар арқылы расталған.

Сот 2025 жылғы 18 маусымда күдікті «Ж»-ны 2 айға қамау туралы шешім шығарды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.