Түн ішінде iPhone-дар тоналып, таңға дейін сатылып кеткен

21 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: бейнежазбадан

Ташкент қаласының Чиланзар ауданында түн ішінде орын алған дүкен тонауы жұрттың назарын аударды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі SMARTNEWS.KZ-ке сілтеме жасап.

Екі жас жігіт iPhone сататын сауда нүктесіне кіріп, 330 миллион сумнан астам сомаға бағаланған 41 смартфонды ұрлап кеткен.

Оқиға 19 маусымға қараған түні, шамамен сағат 2:30-да болған. Маска киген күдіктілер алдымен дүкеннің шыны есігін таспен ұрып сындырып, кейін жалға алған болгаркамен сейфті бұзған. Таң атысымен дүкен қызметкері тонау фактісін байқап, құқық қорғау органдарына хабар берген.

Қалалық полицияның мәліметінше, ұрлық сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, қылмыскерлер ұрланған құрылғылардың біразын таңға дейін қара базарда сатып үлгерген. Бір iPhone 100 доллар, тағы бірі 4,5 миллион сумға сатылған. Түскен қаржыны екеуі өзара бөліскен.

Ұсталған күдіктілердің бірі – бұған дейін үш рет істі болған рецидивист. Ол ұсталып, кінәсін толық мойындаған. Ал екінші күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім. Қазіргі таңда ол ата-анасының кепілдігімен үйіне жіберілген.

Аталған факті бойынша Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 169-бабы, 4-бөлігі ("аса ірі көлемде жасалған ұрлық") бойынша іс қозғалды. Тергеу жалғасуда.

Тэгтер:

Өзбекстан Ташкент iPhone Чиланзар