АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылды. Мұндай бастаманы Пәкістан үкіметі көтеріп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәлімдеме 21 маусым күні Пәкістан үкіметінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Онда Трамптың Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті бәсеңдетуде атқарған рөлі ерекше аталып өткен.
— Өңірде жағдай ушығып тұрған шақта Трамп Исламабад пен Нью-Делимен тиімді дипломатиялық арналар орнатып, жаһандық көшбасшылық пен стратегиялық көрегендікті көрсете білді, — делінген ресми жазбада.
Пәкістан тарапы бұл араласу қарулы қақтығыстың кең ауқымды соғысқа ұласуын тоқтатқанын, атысты доғаруға негіз болғанын атап өтті. Үкімет мәлімдемесінде Трамптың Джамму мен Кашмир мәселесін келіссөз арқылы шешуге деген нақты ұмтылысы да жоғары бағаланды.
Айта кетейік, биылғы 10 мамырда АҚШ басшысы Үндістан мен Пәкістанның "тез әрі толық атысты тоқтатуға" уағдаласқанын хабарлаған болатын. Бұл шешім Трамптың араағайындық бастамасының арқасында жүзеге асқан.
Трамптың бұл әрекеттері тек Оңтүстік Азиямен шектелмейді. Пәкістан үкіметі оны қазіргі Таяу Шығыс дағдарысында — Газа мен Иран төңірегіндегі шиеленістерде де халықаралық тұрақтылыққа ықпал ететін көшбасшы деп есептейді.
Еске салсақ, сәуір соңында Кашмирде болған жарылыстардан 26 адам қаза тапқан еді. Осыдан кейін Үндістан Пәкістан жеріндегі нысандарға соққы жасап, "лаңкестікке қарсы операция" жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Пәкістан бірнеше үнді нысанын атқылаған.