Елімізде 2024 жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер көлемі біршама өсті. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Мәжілісте қаралған Үкімет есебіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 9 пайызға индекстелген.
Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейінің есептік көрсеткіші де өскен: ең төменгі шегі 60%-дан 65%-ға, ал жоғарғысы 100%-дан 105%-ға дейін артты. Соның нәтижесінде биыл зейнетақының ең төменгі жиынтық мөлшері 86 068 теңгеге, ал ең жоғарғысы 197 873 теңгеге жетті.
Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін төлемдер де 7 пайызға өсті. Еңбекке жарамсыздық пен асыраушысынан айырылған азаматтарға жалпы 958,3 млрд теңге төленді. Бұл көмекті 1,3 миллионға жуық адам алды.
Мүгедектікке байланысты төлемдерді 541 мың адам алып отыр, оларға жалпы 477,3 млрд теңге бөлінген. Ал бала тәрбиелеп отырған 1,3 миллион отбасыға 652 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.