Жаңаарқада отадан кейін көз жұмған полицейдің туыстары дәрігерлерді айыптауда
Жаңаарқа аудандық ауруханасына соқырішекпен түскен төрт баланың анасы, полиция капитаны Гүлнұр Жуанышбаева отадан кейін ес жимастан көз жұмды. Марқұмның туыстары бұл қайғылы оқиғаға дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп отыр. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Azattyq Rýhy-на сілтеме беріп хабарлайды.
Олардың айтуынша, 20 сәуір күні «жедел гангренозды аппендицит» диагнозымен ауруханаға жеткізілген Гүлнұрға операция кезінде анафилаксиялық шок беріп, клиникалық өлімге ұшыраған. Жүрек соғысы қалпына келгенімен, ол 27 сәуірге дейін кома күйінде жатып, ақыры өмірден өткен.
Марқұмның жақындары дәрі-дәрмектің дұрыс сақталмағанын айтып, тиісті органдарға нақты дәлелдер ұсынды. Олардың сөзіне қарағанда, Цефотаксим, Ципрофлоксацин, Маннитол, Натрий хлорид секілді маңызды препараттар ғимараттың кіреберісіндегі тамбурда 5 күн бойы сақталған. Аталған дәрілерді Гүлнұрға да пайдаланған.
«Бұл – бір адамның ғана емес, бүкіл аймақ медицинасындағы жүйелі кемшіліктің көрінісі. 20 жылын құқық қорғау саласына арнаған жанның осындай жағдайда көз жұмуы – нағыз әділетсіздік», – дейді туыстары.
Жақындарының сөзінше, комада жатқан Гүлнұр жатқан палатада температура 31°C-қа дейін көтерілген. Олар терезелерді ашып, жағдайды қолдан жеңілдетуге мәжбүр болған.
Оқиғадан кейін Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы аурухана жұмысындағы бірнеше бұзушылықты анықтағанын хабарлады. Қазіргі таңда:
Аурухана директоры қатаң сөгіс алды;
Емдеуге қатысқан дәрігерлер мен мейіргерлер уақытша жұмыстан шеттетілді;
Сот-медициналық сараптама тағайындалды, нәтижесі анық себепті айқындайды.
Сонымен қатар, полиция қызметі медицина қызметкерлерінің қызметтік салғырттығы бойынша қылмыстық іс қозғағанын растады. Тергеу Ұлытау облыстық ПД басшылығының жеке бақылауында.
Гүлнұр Жуанышбаеваның туыстары бұл істің жабылып қалмауын, жауаптылардың заң алдында әділ жазалануын талап етуде.