Қазақстанда астық қоры жеткілікті: ел ішіндегі сұраныс толық қамтылып отыр

21 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Сурет: ortcom.kz

Қазақстанда астық қоры жеткілікті деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ел қоймаларында 8,6 миллион тонна астық бар. Бұл көрсеткіш ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін де арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі жалпы астық көлемінің ішінде 7,3 миллион тоннасы – азық-түлікке арналған. Оның ішінде бидайдың үлесі – 7,4 миллион тонна. Бұл бидайдың бір бөлігі – 2,7 млн тоннасы шаруашылық құрылымдарының қоймасында сақталса, 2,6 млн тоннасы – элеваторларда, 818 мың тоннасы – ұн тарту және жарма кәсіпорындарында, ал қалған 167 мың тоннасы – көтерме сауда және өзге де иелердің иелігінде.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай қор көлемі ішкі сұранысты толықтай жабуға және экспорттық бағытта тұрақты жеткізілім жүргізуге жеткілікті.

2024 жылы елімізде рекордтық астық жиналды — 25,2 млн тонна. Оның ішінде 18,6 миллионы — бидай. Маркетингтік жыл бойы ұн тарту және мал шаруашылығы салалары үшін қолайлы баға сақталған.

Қазіргі таңда «Азық-түлік корпорациясының» өз қоймаларында 1,2 миллион тонна астық бар, оның 1 миллионы – азық-түлікке арналған. Ұн тарту кәсіпорындары қажет болған жағдайда корпорациядан астық ала алады.

Сарапшылардың айтуынша, астық нарығындағы бұл тұрақтылық Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыра түседі.

Тэгтер:

астық қоры егін өнім астық