Қытайдың танымал блогері Таотао Қазақстан туризмінің жаңа елшісі атанды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Kazakh Tourism ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Жылқыны ерекше жақсы көретін және қазақ мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген Таотао бүгінде 7 миллионнан астам жазылушысы бар аудиториясына еліміздің табиғаты мен қонақжай халқы жайлы мазмұнды ақпарат таратып жүр.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы дәл осы ықыласы үшін оны "Қазақстан Республикасының туризм елшісі" мәртебесімен марапаттаған.
Блогер бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде болып үлгерген. Атап айтқанда, ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы көрікті орындарды аралап, Астана мен Алматы қалаларынан да репортаждар әзірлеген. Өз парақшасында Таотао қазақтың ұлттық киімдерін киіп, бүркітпен аң аулау сәттерін, ұлттық тағамдар мен мәдени дәстүрлерді кеңінен таныстырған.
Ұлттық компания мәліметінше, туризм елшісі мәртебесі 2018 жылдан бері елімізді жаһан жұртшылығына танытып жүрген шетелдік тұлғаларға тегін түрде беріліп келеді. Бұл атақ мәдениет, медиа және цифрлық кеңістікте Қазақстанды шабытпен насихаттайтын адамдарға арналған.
Айта кетейік, бұған дейін бұл мәртебе жапондық саяхатшы-блогер Юдзи Нацумға берілген болатын. Енді бұл қатарды Таотао толықтырды.