Сүйген жігітіме менен бұрын өзге қыз бала туып берді

21 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Сурет: ашық дереккөзі / Ғашықтар

Бұл әңгіме — адам жүрегінің тереңінен шыққан шынайы ішкі монолог. Сүйгенін басқа біреумен бөлісуге мәжбүр болған әйелдің жан айқайы, өкініші, сағынышы мен соңғы рет ардақтап қоштасуы. Автор баянды махаббаттан бұйырмаған бақытқа дейінгі ішкі арпалысты сабырмен, бірақ мұңмен жеткізеді. Ол енді кешігіп келген сүйіспеншілікті емес, адалдық пен шынайылықты таңдайды. Бұл – бір әйелдің жылап отырып жасаған ең берік шешімі.

Жанры: Махаббат драмасы
Авторы: Динара

Сүйген жігітіме менен бұрын өзге қыз бала туып берді

Жәй ғана ішімде тынбай соғып жатқан алай-дүлей сезімді сыртқа шығарып, жеңілдеп алғым келеді… Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме — жан сырын ақтарып айтар жан қалмағаны жанымды жегідей жейді.

…Бүгін ол алғаш рет әке атанып жатыр.
Мен өмір бойы оның баласының анасы болуды армандап едім... Бірақ сол арман — арман күйінде қалды. Енді ол өзге жаннан туған сәбидің әкесі. Бұл жаңалықты оның өз аузынан естідім. Соңғы үш-төрт айдан бері хабар-ошарсыз кеткен ол кенет шыға келіп, осындай хабар жеткізді. Сол сәтте өкіріп жыларымды, не күлерімді, не қуанарымды білмей, жүрегімді тыныштандыру үшін музыкаға тығылып отырдым. Не үшін көз жасым төгіледі? Бұйырмаған бақ үшін бе? Жан-тәніммен сүйгенім үшін бе? Әлде сүймеген адамға тұрмысқа шыққаным үшін бе?

Бүгін біз екі түрлі тағдыр жолына түсіп кетсек, соған ер адамның әлсіздігі, тойымсыздығы, жауапсыздығы себеп емес пе? Ол басқаға үйленуге мәжбүр болды. Ал мен оны басқаға жіберуге мәжбүр болдым. Өйткені еш кінәсі жоқ бір сәбиді әкесіз қалдыруға дәтім бармады. Ал сен, үйленгеннен кейін де мені тыныш қалдырмадың. Мені сүймеген адамға тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген — өзің емес пе?

Енді не үшін қайта оралдың? Неге менің басқа біреумен бақытты болатыныма сенгің келмейді? Неге тағы да «сүйем» деп алдайсың? Жарыңды неге ойламайсың? Мені күнәһар етіп қойма. Біз екеуміз енді бірге бола алмаймыз… Мен ол адамды сүймесем де, адалдығыммен өмір сүрем. Ол мені шынайылығы үшін сүйеді, құрметтейді. Сол құрмет — менің бақытым. Мен де оны шынайылығы үшін сыйлаймын.

…Жаңа өмірге келген періште қызың мен үшін мәңгі ұмытылмас естелік болып қалатынын білемін. Енді сол сәбиің саған жұбаныш болсын. Жарыңа бақыт сыйла. Ал мен сені енді ойламаймын...
Сен — менің бұйырмаған бағымсың.

"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан,
Динара

Тэгтер:

Өмірден алынған әңгіме Әңгіме психология Ғашықтар бұйырмаған бақ махаббат