АҚШ Иранның үш ядролық нысанына соққы жасады – Трамп
Иллюстрациялық фото: depositphotos.com/cholakov01

АҚШ Иранның үш ядролық нысанына соққы жасады – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран аумағындағы үш ядролық нысанға әуе соққысы жасалғанын жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Трамп Truth Social парақшасында жариялаған жазбасында бұл соққының "өте сәтті" өткенін және басты нысан — Фордо қаласындағы жерасты ядролық кешенге "толық бомба қорымен" шабуыл жасалғанын айтты.

— «Біз Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарға соққы жасадық. Құттықтаймын, біздің даңқты америкалық жауынгерлер! Мұндай қадамға әлемде тек біздің армия ғана бара алады», — деп жазды АҚШ президенті.

Сондай-ақ Трамп америкалық ұшақтардың Иран әуе кеңістігінен шығып, АҚШ-қа қайтып бара жатқанын мәлімдеп, «ҚАЗІР БЕЙБІТШІЛІК УАҚЫТЫ ТУДЫ!» деген жазба қалдырды.

«Фордо енді жоқ» деген бөлек мәлімдемесі де халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.

Axios порталының жазуынша, бұл шабуыл жөнінде Трамп әкімшілігі Израиль билігін алдын ала құлағдар еткен. Шабуылдың нақты салдары мен халықаралық реакция алдағы уақытта белгілі болмақ.