Түнгі мінез-құлықтың өзгеруі шығармашылыққа қалай әсер етеді?
Түнде адамның мінез-құлықтары мен эмоцияларының өзгеруі — қызықты және күрделі процесс. Түнде неге мотивациямыз артады, неге қисынсыз нәрселер күлкілі болады және таңертең бұл өзгерістердің барлығы неге ақымақтық сияқты көрінеді? Зерттеулер көрсеткендей, түнгі уақыт — шығармашылық қабілеттерімізді ашып, жаңаша ойлауға мүмкіндік беретін ерекше кезең, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Түнгі мотивация мен дофамин
Түнде мотивацияның артуы мидың дофамин деңгейінің көтерілуімен байланысты. Дофамин — біздің көңіл-күйімізді, мотивациямызды және өзімізге деген сенімділігімізді реттейтін нейротрансмиттер (жүйке клеткалары арасындағы хабар тасымалдаушылардың бірі). Оның деңгейінің көтерілуі қуаныш пен шабыт сезімдерін тудырып, шығармашылық қабілеттерімізді арттырады. Зерттеулер көрсеткендей, түнде дофамин деңгейі жоғарылап, адамдар креативтілікке ынталанады.
Циркадтық ритмдер мен эмоционалдық өзгерістер
Циркадтық ритмдер (24 сағаттық биологиялық цикл (организмдегі ішкі биологиялық сағат) адамның психологиялық және физиологиялық күйіне үлкен әсер етеді. Түнде организмнің ішкі сағаты өзгереді, бұл эмоциялар мен энергия деңгейіне ықпал етеді. Мысалы, түнде сергектіктің артуы, дене температурасының және гормондардың деңгейінің өзгеруі адамдарды жаңа идеяларды қабылдауға қабілетті етеді. Алайда, егер циркадтық ритмдер бұзылса, эмоционалдық күй төмендейді, адам ашушаң әрі шыдамсыз болады, бұл күндізгі уақытта мотивацияның төмендеуіне алып келеді.
Уақыттың субъективті қабылдануы
Эмоциялар уақыттың қалай өткенін сезінуді өзгертеді. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, қызықты сәттеріміз жылдам, ал іш пыстырарлық сәттер бізге баяу өтетіндей сезіледі. Мысалы, жол кептелісіндегі бір сағат қызықты кино көрген екі сағаттан әлде қайда ұзақ әрі жүйкені жұқартады. Түнде күлу реакциялары, әзілдер мен ерсі әрекеттер бір сәтте көңіл көтеріп, креативтілікке итермелейді. Яғни түнде ақылға қонымсыз немесе татымсыз әзілдер мен әңгімелерге күлуіміз қалыпты жағдай.
Әлеуметтік контексттің әсері
Түнде жалғыз қалғанда әлеуметтік контексттен шығып, ішкі ойларымызға тереңірек үңілеміз. Бұл кезде біз өзіміздің шынайы «менімізді» көрсетуге мүмкіндік аламыз. Себебі бұл бізге қоғамдық стандарттардан және әлеуметтік қағидалардан тыс креативті ойлануға мүмкіндік береді. Әлеуметтік контекст адамның эмоциясына әсер етеді: түнгі әзілдер мен әрекеттер таңертең біртүрлі болып көрінуі мүмкін, себебі олар әлеуметтік нормалардан тыс болады.
Шығармашылық қабілеттердің дамуы
Түнде шығармашылық қабілеттердің дамуы да назар аударарлық. Тыныштық пен шектеулердің болмауы жаңа идеяларды тудыруға мүмкіндік береді. Зерттеулер түнде креативтілік пен мәселелерді шешу қабілетінің артуын көрсетеді. Суретшілер, музыканттар, және жазушылардың көбі түнде шабыт алады, себебі бұл кезеңде адам өзін еркін сезінеді. Сондықтан түнде шығармашылықпен айналысу ұтымды әрекет.
Түнде адамның психологиялық және эмоционалдық өзгеруі — бұл қалыпты, әрбір адамда болатын табиғи процесс. Дофаминнің әсерінен, циркадтық ритмдердің бұзылуынан, уақыттың субъективті қабылдануынан және әлеуметтік контексттің өзгеруінен түнгі уақытта адамдар өздерінің креативтілігі мен мотивацияларын ашады. Сондықтан түнді тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілеттерді дамытуға болады.
Егер түнгі уақыт сізге жаңа идеялар мен шабыт берсе, оларды жазып алып, талдап, әрі қарай дамытыңыз. Бірақ түнгі ояу болу циркадтық ритмдеріңізді бұзуы мүмкін, ал олар бұзылғанда, адамда ұйқы проблемалары, эмоциялардың өзгеруі және метаболизмнің бұзылуы пайда болады. Бұл семіздік, диабет, және жүрек ауруларының даму қаупін арттырады. Сонымен қатар, дофамин деңгейі төмендеп, мотивация мен көңіл-күй нашарлайды. Нәтижесінде, зейінімізді шоғырландыру қиын болады. Сондықтан, ұйқы режимін дұрыс сақтау, белсенді өмір салтын жүргізу және стрессті басқару өте маңызды.