Дана Уайт: «Азат Мақсұм жеңіске жетті, бірақ қағаз жүзінде ұтылды»
UFC басшысы Дана Уайт қазақстандық файтер Азат Мақсұм мен ресейлік Тагир Уланбеков арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Penalty.kz сайтына сілтеме жасап.
21 маусым күні Бакуде өткен UFC турнирінде Мақсұм мен Уланбеков октагонда үш раунд бойы тартысты айқас өткізді. Алайда жекпе-жек соңында төрешілер бірауыздан ресейлік спортшыны жеңімпаз деп таныған. Есеп: 29-28, 30-27, 30-27 – Уланбековтің пайдасына.
Бұл шешім жанкүйерлер мен MMA сарапшылары арасында үлкен дау тудырды. UFC-дің әлеуметтік желідегі парақшаларында жанкүйерлер төрешілер шешімімен келіспейтінін ашық жазып жатыр.
UFC президенті Дана Уайт та бұл шешімді әділетсіз деп санайды.
«Мен әрдайым айтып келемін: төрешілермен мәселе үнемі болады. Олар да қателеседі. Бірақ егер көпшілік төрешілердің қателескенін түсініп отырса, біз – UFC басшылығы – жеңілген спортшыны шынайы жеңімпаз деп есептейміз. Меніңше, Азат Мақсұм бұл жекпе-жекте жеңіске жетті», – деді Уайт турнирден кейінгі баспасөз жиынында.
UFC басшысының бұл мәлімдемесі Мақсұмның жанкүйерлеріне моральдық қолдау болғанымен, ресми нәтиже өзгеріссіз қалатыны белгілі. Дегенмен, Уайттың сөзі Мақсұмның UFC-дегі келесі мүмкіндіктеріне оң әсер етуі мүмкін.